Алматы облысында жаяу жүргіншіні көлік қағып, мерт қылды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында жаяу жүргіншіні қағып, қашып кеткен жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 21 қыркүйек күні сағат 23:00 шамасында Іле ауданында «Нұр-Сұлтан – Алматы» автожолының 59-шақырымында оңтүстік бағытта келе жатқан белгісіз көлік Ақши ауылының 46 жастағы тұрғынын қағып кеткен.

Ер адам оқиға орнында көз жұмған. Аталған дерек ҚР ҚК 345-бабының 3-бөлігі бойынша тіркелді.

Жедел-іздестіру жоспарына сәйкес, мамандар күдіктінің ізіне түсті. Тәртіп сақшылары көрші Қарасай ауданындағы жеке үйдің ауласында көлік іздері бар, жасырылған «Тойота Авалон» автокөлігін тапты.

Көліктің зақымданған жері ұқыптап матамен жасырылған. Жүргізуші Исаево ауылының 60 жастағы тұрғыны екен. Ол өзінің адам қағып кеткенін мойындап, оқиға орнынан қорыққаннан қашып кеткенін жеткізді.

«Жүргізушілер оқиға орнынан қашып кеткен жағдайда қылмысты ашу қиын. Алайда жеке уақытпен санаспай, жоспарлы және мұқият жұмыс істелсе, маңызды дәлелдерді тауып, күдіктіні әшкерелеуге әрқашанда мүмкіндік бар. Біздің ісімізде ұсақ-түйек болмайды. Кейде кішкентай ұсақ-түйек те қашып кеткен жүргізушіні ұстауға көмектеседі»,-дейді Алматы облысы ПД ЖПҚБ іздестіру тобының инспекторы, полиция майоры Алдияр Тайбеков.


Соңғы жаңалықтар