Алматы облысында «жасотандықтар» ҰОС ардагерлеріне көмектесуде

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында «Нұр Отаны» партиясының Текелі қалалық филиалы мен «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері Ұлы Отан соғысының ардагері Михаил Тыщенкоға көмек көрсетті.

87 жастағы Михаил Абрамович Тыщенко Алматы облысына қарасты Сарқанд ауданының Антонов ауылында дүниеге келген. Соғысқа дейін ұжымшарда жұмыс істеді. Соғыс аяқталған соң Текелі қорғасын-мырыш зауытының электровоз машинисті болып еңбек етті. Әскердегі ерлігі үшін «Германияны жеңгені үшін» медалімен, сондай-ақ мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Жастар белсенділері қарт майдангердің үйін жинап, ауласын қардан тазалады, отын дайындап берді және т.б. көмектерін көрсетті. «Жеңіс мерекесі қарсаңында қала бойынша түрлі шаралар өткізілуде. Біз де өз тарапымыздан ардагерлерге көмектесіп жүрміз. Аға буынға қамқорлық көрсету - біздің парызымыз», - деп атап өтті «Жас Отан» жастар қанатының мүшесі Асылбек Советов. «Қатарымыз күн санап азайып барады. Жеңіс мерекесін халықпен қарсы алғым келеді. Жерімізде әрқашан бейбітшілік болсын», - деді ардагер, жасотандықтарға алғысын білдіре отырып.

Соңғы жаңалықтар