Алматы облысында жаппай ереуілге қатысы бар деген күдікпен 700 адам ұсталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының полицейлері жаппай тәртіпсіздік пен бұзақылықтарға қатысы бар деген күдікпен 700-ден астам адамды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысының бас полицейі, полиция генерал-майоры Серік Кудебаев облысымыздың аумағында жаппай тәртіпсіздіктің, дүние-мүлікті қирату мен тонау орын алғанын айтып, қылмыстық әрекеттерге қатысы бар адамдардың анықталып жатқанын жеткізді.

«Жаппай тәртіпсіздікке және дүние-мүлікті тонау қылмыстарына қатысы бар деген күдікпен жеті жүзден астам адам полиция органдарына жеткізілді. Оның 62-сі уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Дерек бойынша 65 қылмыстық іс қозғалды. Арнайы операция барысында қылмыскердерден жүзге жуық атыс қаруы тәркіленді. Осы бағыттағы мақсатты жұмыс одан әрі жалғасып жатыр»,- деді облыстық ПД бастығы Серік Кудебаев.

Естеріңізге сала кетейік, қаңтар айының басында радикалды күштер еліміздегі жағдайды тұрақсыздандыруға тырысқан.

Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласындағы кейбір дүкендер тоналып, әкімшілік ғимараттар бүлінген.

Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша қызметтік борышын атқару кезінде полицейлер мен ұлттық гвардияның әскери қызметшісі қаза тапты.

«Облыстық полиция департаменті мен Талдықорған қалалық полиция басқармасы қызметкерлерінің 80 пайызға жуығы әртүрлі дене жарақатын алды. Олардың бәрі өз өмірін қатерге тігіп, қасиетті антына адал екенін дәлелдеп, ел тыныштығын қорғауда табандылық пен ерлік мінез танытты»,- деп толықтырды генерал-майор С. Кудебаев.

Қазіргі уақытта облыстағы жағдайды полицейлер мен әскерилер толық бақылауға алған.

Талдықорған қаласының жан-жағына 4 блокпост, ал қала ішіне бірнеше жерге блокбекеттер қойылған.

Ол жерлерде полицейлер мен әскери қызметшілер тәулік бойы кезекшілік атқаруда.

Полиция басшысының ақпаратына сәйкес, облыс орталығының көшелерінде 35 полиция көлігі үздіксіз автопатрульдейді.

Күндіз тәртіп сақшылары мен Ұлттық ұлан сарбаздарынан құрылған 20 жасақ жаяу патрульдеп жүр.


Соңғы жаңалықтар