Алматы облысында жанармай құю бекетіне қарақшылық жасаған күдіктілер ұсталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысының Талғар ауданындағы жанармай құю бекетіне түнде қарақшылық жасаған қылмыстық топтың екі мүшесі ұсталды,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық Полиция департаментіндегі баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 6-шы ақпан күні болған. Сол күні түнде бір топ адам жанармай құю бекетіне баса-көктеп кіріп, оператор мен күзетшіні белгісіз қарумен қорқытып, кассадағы 27 000 теңгені тартып алған.

«Бұл іс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабының 2-тармағына сәйкес қарақшылық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілердің тұлғалары анықталды. Олардың бірі оқиға орнына жақын маңда жергілікті тұрғындардың көмегімен ұсталса, жедел-іздестіру шаралары барысында екінші күдіктінің мекенжайы анықталып, Алматы қаласында қолға түсті. Қолға түскен күдіктілерден қылмыс жасау кезіндегі пайдаланған тапанша мен ұрланған ақшаның бір бөлігі тәркіленді. Олар тергеу материалдарына айғақзат ретінде тіркелді»,- деп толықтырады баспасөз қызметі.

Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, күдіктілер аудандық полицияның уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды. Тәртіп сақшылары күдіктілердің өзге де қылмыстарға қатысы барын анықтауда. Бұл факті бойынша тергеу жалғасуда.

Соңғы жаңалықтар