Алматы облысында Жамбыл мен Мұқағали Мақатаев мерейтойлары қалай өтіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Жамбыл Жабаев пен Мұқағали Мақатаевтың мерейтойлары қалай аталып өтетінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жамбыл атамыздың мерейтойына өткен жылдан бастап дайындалдық. Ең бірінші оның жатқан жері, мавзолейі, музейі және алаңын абаттандыруға қаржы бөліп, қалпына келтірілді. Ол жерге көп адам барады, тағзым жасайды. Сондықтан, осы жұмыстарды аяқтадық. Жамбыл атамыздың 30 томдық кітабын шығаруға дайындалып жатырмыз, оған қаражат бөлінді. Уәлихан Қайыржан деген жазушының ұсынысымен «Жамбыл» кітабы шығарылды. Одан басқа, Жамбыл туралы спектакльдер қойылып, «Жетісу» телеарнасында арнайы бағдарламалар көрсетіліп жатыр», - деп жауап берді А. Баталов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында тілші сұрағына.

Өңір әкімі Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық тойында бірқатар жұмыс атқарылғанын атап өтті. Биылғы 90 жылдығына да Қарасаз ауылының жолын, Мәдениет үйін, ақын музейін қалпына келтіріп, өнер мектебін ашу ұсынысы қолға алынған.

«Өздеріңіз білетіндей, Райымбек ауданы ашылып, Нарынқол ауылы орталық атанды. Сол жерде халықпен кездескенде үлкен кісілер Нарынқолдың дәл ортасына саябақ жасап, Мұқағали Мақатаевтың ескерткішін қою туралы ұсыныс жасады. Қазір саябақ жерін алдық, 2-3 үйді сатып алып, басқа жаққа көшірдік. Күзге қарай ақын ескерткіші орнатылады, саябақ ашылады. М. Мақатаевтың да кітабы шығарылып, ақындармен кездесу шаралары өтіп жатыр», - деді А. Баталов.

Айта кетейік, биыл Қазақстанда Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық және Мұқағали (Мұхамедқали) Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойлары тойланып жатыр.



Соңғы жаңалықтар