Алматы облысында заңсыз балық аулаған браконьерлер ұсталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысындағы Балқаш ауданының полицейлері заңсыз балық аулап жүрген браконьерлерді қылмыс үстінде ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Балқаш ауданының тәртіп сақшылары өзге де табиғат қорғау органдарының қызметкерлерімен бірлескен арнайы шара барысында тыйым салынғанына қарамастан табиғи байлыққа қол салған екі браконьерді қолға түсірді.

«18 мамыр күні кешқұрым Қарой ауылының батысындағы «Шұбар Құнан» өзегінде екі азамат табиғат қорғау заңнамасының талаптарын өрескел бұзып, балық аулап жатқан жерінде ұсталды. Күдіктілер Талғар қаласының 46 жастағы және Кеген ауданының 48 жастағы тұрғыны екені анықталды. Браконьерлерден моторлы су қайығы мен 150 келіге жуық балық тәркіленді»,- деді Балқаш АПБ бастығының бірінші орынбасары полиция подполковнигі Нұргелді Абиров.

Полиция өкілінің айтуынша, мемлекетке келтірілген шығын бір жарым миллион теңгеден асқан. Тәркіленген балық тиісті қабылдау орындарына өткізіліп, одан түскен қаражат мемлекет пайдасына аударылады. Жыл басынан бері Балқаш ауданының тәртіп сақшылары табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 6 оқиғасын, оның ішінде 3 заңсыз аң аулау және 3 заңсыз балық аулау дерегін әшкерелеген.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін облыстық полицейлер тұрғындарға балықтардың уылдырық шашу кезінде балық аулауға тыйым салынатыны және 15 сәуірден мамыр айының соңына дейін «Уылдырық шашу» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілетіні туралы хабарлаған болатын.


Соңғы жаңалықтар