Алматы облысында ЮНЕСКО мәдени мұралар тізіміне енген Талхиз қалашығы қиратылып жатыр

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында көне Талхиз қалашығының орнына жол салынып жатыр. Аталған аймақ ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізімінде бола тұра, құнды жәдігердің тас-талқаны шыққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық мәслихаттың арнайы шешімімен қорғау аймағының шекарасы бекітіліп, әділет департаментінде тіркеліп тұрса да, нәтиже жоқ. Қазір Талғар ауданындағы көне қала орнын тегістеп, жол салынуда. Алайда, орта ғасыр тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерді сақтап қалуға шарасыз күйдеміз деп Алматы облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталығының директоры Есет Дауренбаев «дабыл» қағып отыр.

«Талхиз қалашығын қорғаймыз деп былтыр біраз дау болды. Біз мәселені көтергеннен кейін 2015 жылдың басында арнайы комиссияның шешімімен Талхиз маңында жол салу жұмыстары тоқтатылды. Алайда, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен жеке меншік серіктестік «Қазархеологияға» тапсырыс беріліп, олар аймақта ежелгі қала жоқ деген қорытынды шығарып берді»,- дейді Есет мырза.

Ал, шындап келсек Талхиз қалашығының тарихы сонау XI-XIІ ғасырдан бастау алады. Шыңғыс хан дәуірінен бері келе жатыр. Ол жерде қалашықтың орны, іргетасы, күймелер жүрген жолдар да бар. Табылған артефактілер де жетерлік. Құнды жәдігерлер 2014 жылы Катар елінің астанасы Доха қаласында өткен ЮНЕСКО-ның №38 сессиясында қаралып, Талхиз қалашығы сол сәтте ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енген. Жалпы, Қазақстан бойынша сол жиында 8 тарихи мұра тіркеліпті. Оның 3-уі Алматы облысынан ал, 5-уі Жамбыл облысынан. Егер Талхиз қаласы ЮНЕСКО-ның тізімнен шықса, еліміздегі өзге көне қалалар да тізімнен шығады,- деп мамандар қауіптеніп отыр.

«2015 жылы облыс әкімдігі арнайы қаржы бөліп, қалашықтың негізгі аймағы саналатын 875 метр жер қоршалып, төрт бұрышына қорғау тақталары қойылып, ақпараттық мәлімет 3 тілде жазылды. Негізінде заң бойынша құрылыс жұмыстары қорғау аймағы шекарасынан 150 метр жерден кейін жүргізілуі керек. Ал, қазір тура қалашықтың үстінен жол салынып жатыр»,- дейді, Есет Жеңісұлы.

Алматы облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталығының директоры Есет Дауренбаев аталаған мәселеге министрлік тікелей араласып, кезек күттірмей шешсе дейді. Себебі, құнды жәдігерді қанша сақтап қалуға талпынғанмен, нәтиже әлі де болмай тұр. Шырылдап жүрген кезде ертең көне Талхиз қалашығы мүлдем жойылып кетуі мүмкін. Себебі ол жерде қазір жол салу жұмыстары күндіз-түні еш тоқтаусыз жүріп жатыр. Біздің негізгі мақсатымыз - ескерткішті қорғап, тарихымызды сақтап қалу дейді, облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталығының директоры.

Соңғы жаңалықтар