Алматы облысында «WhatsApp» арқылы жалған ақпарат таратқан әйел ұсталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысында «WhatsApp» арқылы жалған ақпарат таратқан әйел ұсталды. Күдікті 28-жастағы Сарқан ауданының тұрғыны, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ол 10-шы қаңтар күні «WhatsApp» желісі арқылы: «Сарқан қаласында адамды аяусыз өлтіретін жауыз пайда болды. Полицейлер барынша сақ болуды, үйден шықпауды ескертіп отыр. Кеше өзеннің жанында әйел мен ер адамды, баланы өлтіріп кеткен. Бізге осы жайлы ескертіп және таныстарымызға да айтуды тапсырды» деген ақпарат таратқан.

Тексеру барысында ақпаратттың жалған екені анықталды.

«Жедел-іздестіру шарасы барысында жазбаның авторы Сарқан ауданының 28-жастағы тұрғыны екені анықталды. Әйел аталған хабарламаны «WhatsApp» арқылы таратқанын мойындады. Бірақ оған бұл жайлы күйеуі ауызша айтқанын айтып ақталды. Ал жолдасы болса адамдарды аяусыз өлтіріп жатыр деген әңгімені дүкенде тұрып естіп қалған екен», - деп мәлім етті облыстық ІІД баспасөз қызметі.

Қазір шындыққа жанаспайтын қауесетпен тұрғындарды дүрліктірген күдікті әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу ҚР ҚК 274 бабына сәйкес жүргізіліп жатыр. Ал 28 жастағы жергілікті тұрғынға бұлтартпау шарасы қолданылып, қолхатпен жіберілді.

Соңғы жаңалықтар