Алматы облысында ұйғыр, неміс, кәріс, орыс ұлтының балаларын бауырына басқан отбасы тұрады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында Қойбағаровтар жанұясы — 14 бала өсіріп жеткізген отбасы. Өзінің 7 баласымен бірге қазақ, ұйғыр, неміс, кәріс, орыс ұлты өкілдерінің балаларын бауырына басқан Сәбит Қойбағаровты өңірде ерекше құрметтейді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Панфилов аудандық әкімдігінің берген мәліметі бойынша, Сәбит Қойбағаровтың өзі де көп балалы отбасында өскен. Бүгінде жұбайы Аманхан Байбураева екеуі 14 баланы ер жеткізіп, немере сүйіп отыр. Қазір үлкен балалары медицина саласында, мал шаруашылында еңбек етуде. Әкелерінің ісін жалғастырып, мал өсіріп, қымыз, ет сатумен айналысады. Осы шаңырақтан мейірім тапқан балалардың алды 27-ге толса, арты 21 жаста.

Жүрегі кең азамат балаларды алаламай, барлығына бірдей қарауды және ақылмен тәрбиелеу қасиетін өз әкесінен сіңіргенін айтады. «Бала күнімде әкеммен егістік басында жүргенде балалар үйінің балаларын көрдім. Сонда әкем әрдайым мүндай балаларға қамқор болу керектігін айтатын. Сол ақылы күні бүгінге дейін жадымда. Ең алғаш 2009-шы жылы кәріс ұлтының баласын асырап алдым. Өз баламдай көріп, тәрбиелеп, барлығын үйреттім. Қазір Алматыда еңбекке араласты. Негізінен жұмыстың қыр-сырын үйретіп, жақсы тәрбиелесең өздері өмір сүріп кетеді. Кейін, неміс, ұйғыр, орыс, қазақ балаларын бауырыма бастым. Өз балаларыммен бірге тұрып, бірге еңбек етуде. Үл-ұыздарымды қазақы дәстүрге сай тәрбиеледім. Ең бірінші осы балаларға қарап өзіңді тәрбиелейді екенсің. Содан кейін балаларды тәрбиелейсің», - дейді қайырымды азамат С.Қойбағаров.

Бұл отбасының көршілері пейілі дархан отбасы өмірдің қиын жағдайында қалған азаматтарға қол ұшын созып, үйлеріне паналатып, жағдайын түзеуге қолдан келген көмегін беріп, қатарға қосып жіберген сәттердің көп болғанын айтады.

Сәбит Қойбағаров темірден түйін түйетін ұсталыққа да үйір. Ауласына темірден түрлі бұйым, мүсіндер, тұрмысқа қажетті дүниелер жасап қойған. Тіпті отбасылық шағын мұражайлары да бар.

«Иә, біз әртүрліміз, әр ұлттың өз ерекшелігі бар, бірақ біз бір шаңырақ астында ортақ Отанымыз - тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп келеміз. Сондықтан біздің тілек-мақсатымыз бір деп білемін. Барша халықты бірлік мерекесімен құттықтаймын. Әр шаңырақта шаттық, молшылық, береке болсын», - деді С.Қойбағаров өзінің ізгі тілегін жеткізіп.

Панфилов аудандық әкімдігінің хабарлауынша, Қойбағаровтар отбасы - өңірдегі үлгілі шаңырақ. Мал шаруашылығының дамуына атсалысып, қайырымдылық шараларымен де белсенді айналысады. Індет өршіген шақта бейжай қалмай, жерлестерінің денсаулығын нығайтуға ықпал ету мақсатында қымызды тегін таратыпты.


Соңғы жаңалықтар