Алматы облысында үш жүздей қой ұрлаған күдікті ұсталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат – Бүгін Алматы облысында 274 қойды ұрлаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Полицияның ақпаратына сәйкес, күдікті 274 қойды бір күнде ұрламаған. Ол қылмысын жарты айдың ішінде жүзеге асырған

3 қараша күні Жамбыл ауданының полициясына аудандағы шаруа қожалығынан 274 қойдың ұрланғаны туралы хабар түскен. Тәртіп сақшылары қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтауға бағытталған жедел іздестіру шаралары барысында бір тәулік ішінде күдікті азаматты анықтады.

«Аудандық полицейлер жүргізген анықтау шаралары барысында 28 жастағы ауыл тұрғынының осы қылмысқа қатысы бары анықталды. Оның үйіндегі қорадан қойлардың бір бөлігі тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Тәртіп сақшылары күдіктінің сыбайластарын анықтайтын болады»,- деп атап өтті облыстық ПД баспасөз қызметінен.

Алдын ала тергеу барысында зардап шегушіге 8 миллионнан астам теңге шығын келтірілгені анықталды. Тергеу барысында қойшының да аталған мал ұрлығына бар-жоғы анықталатын болады.

Полиция таратқан ақпарат бойынша, мал иесі мен малшы арасында заңды келісім болмаған жағдайда, жауапкершілік болмаудан түрлі заңбұзушылықтар орын алуы мүмкін. Осы мақсатта облыс аумағында тәртіп сақшылары ұсынған «Малшы – мал иесі – атқарушы орган» атты әлеуметтік жобасы жұмыс істейді. Аталған жобаның басты мақсаты – мал иесі мен малшының жауапкершілігін арттыру және барымташылар үшін оңай олжа болатын қараусыз малды бақташысыз қалдырмау. Осы кезге дейін облыста бес мыңға жуық адам бағдарлама бойынша келісімге келіп, өз мүлкінің амандығын қамтамасыз етті.

«Малшы – мал иесі – атқарушы орган» бағдарламасы қабылданғалы жайылымдағы малдың жоғалу дерегі едәуір азайды. Салыстырмалы түрде, 2017 жылы 460-қа жуық дерек тіркелсе, биыл жайылымнан жоғалған мал бойынша 148 факті орын алды.

Айта кетейік, облыста биыл тәртіп сақшылары 59 барымташылар тобын құрықтап, олардың 131 қылмысқа қатысы барын дәлелдеген. 700-ге жуық қолды болған малды иелеріне қайтарған, 80 миллион теңгеге жуық материалдық шығын өндірілген.

Соңғы жаңалықтар