Алматы облысында үш мектепке қазақ зиялыларының есімі берілді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Бүгін Алматы облысындағы үш мектепке қазақ зиялыларының есімі берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, Панфилов ауданындағы «Көктал орта мектебі» мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың есімімен аталды. Бұрынғы А. Луначарский атындағы мектеп-гимназия даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының есімімен аталса, Сәтжол орта мектебіне алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың есімі беріліп, ресми түрде ашылу салтанаты өтті.

«Осы күнге дейін ауданымызда бірқатар елді мекен мен көше атаулары өзгертілсе, соның ішіндегі ең қуантарлығы үш білім ордасына қазақ зиялылары есімінің берілуі», - дейді аудан әкімінің орынбасары Шухрат Құрбанов.


Бірінші сыныпқа немересін әкелген Күлиман апа немересінің қазақ зиялылары сынды ел басқаратын азамат болуын тілейді. Жаңа оқу жылында Димаш, Әлихан, Бауыржандай ұлы адамдардың есімін мектепке беру балаларымызға үлкен тәрбие мен өнеге екенін айтып, ризашылығын білдірді.


«Бірде Димаш атамыз Жаркент-арасанда демалып, қайтып бара жатқанда Көктал ауылының бір топ оқушысы атамыздың көлігін тоқтатып, ауылға мектеп салып беруін өтініпті. Димаш атамыз балаларға берген уәдесін орындап, 1976 жылы Көктал орта мектебі бой көтерген. Міне, осы мектепке Дінмұхаммед Қонаев атамыздың есімін беру өте құптарлық іс»,- дейді кезінде Панфилов ауданының бірінші хатшысы болған Ғалым Туғанбаев.

Айта кету керек, жаңа оқу жылы қарсаңында Панфилов ауданында 50 мектеп есігін ашса, 2800-ден астам бүлдіршін мектеп табалдырығын жаңадан аттады.





Соңғы жаңалықтар