Алматы облысында ұрыларға 23 жастағы бойжеткен бағыт сілтеп отырған

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының полициясы жеке тұрғын үй мен пәтерлерді тонаумен айналысып жүрген күдіктілерді ұстады. Олардың арасында 23 жастағы бойжеткен де бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қылмыстық топ үш адамнан тұрады, араларында 23 жастағы бойжеткен де бар. Күдіктілер Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында кезекті қылмыс үстінде қолға түсті. Олар үйден үш қару, алтын бұйымдар, бағалы тон мен ірі сомада ақша алып кетпек болған», - делінген баспасөз баянында.

ІІД мәліметіне қарағанда, күдіктілер Алматы қаласы мен Алматы облысының тұрғындары. Ал соңғы тонау әрекеттерінен олардың келтірген залалы 2 миллион теңгені құраған. Қылмыстық тергеу материалдарына заттай айғақ ретінде ұсталғандардан тәркіленген қару мен қымбат киім алынып отыр.

Бұдан бөлек, облыстық криминалдық полиция басқармасы ұрылар тобының өңірдегі басқа да қылмыстарға қатысы барын жоққа шығармайды. Осыған байланысты полиция тарапынан күдіктілер әрекетіне ұқсас басқа да қылмыстарды тексеру жалғасуда.

«Ұсталғандардың үшеуі де қазір қамауда. Анықталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Ұсталған бойжеткен ұрылар тобында қажетті ақпараттар табумен айналысып, үптейтін үйлерге бағыт беруші болып отырған. Жалпы тергеу барысында ұрылардың тобындағы әрбірінің атқарған рөлі тексеріліп, анықталатын болады», - делінген баспасөз баянында.

Соңғы жаңалықтар