Алматы облысында ұрылар малдарды ауыл сыртында сойып әкетіп жатыр

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысында ұрылар бір үйдің үш бірдей сиырын қорадан ұрлап, ауылдың сыртында сойып әкеткен. Оқиға Панфилов ауданындағы Керімағаш ауылында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Керімағаш ауылының тұрғыны Нұрлан Бейсеғұловтың айтуынша, сәуірдің 2-нен 3-не қараған түні қорасында тұрған үш сиырын ұрлап әкеткен.

«Екі сиырым буаз болған. Әне-міне туады деп отырғанбыз. Ал бір сиырым туып бұзауы жетім қалды. Үш сиырдың басы, терісі, ішіндегі бұзаулары, ішек-қарыны бәрі ауылдың сыртында жатыр. Полициялар келіп түсіріп, іздерді қарап. Іздестіреміз деп кетті», - дейді Нұрлан Бейсеғұлов.

Ал сол ауылдың тұрғыны Оразақын Омашев та сәуірдің 4-і күні тайыншамды қорадан ұрлап әкетті дейді. Керімағаш ауылы халқының айтуынша, ұрылар малдарды ауылдың шетіне шығар-шықпастан сойып әкетуді әдетке айналдырған.

«Керімағаш ауылындағы мал ұрлығына қатысты қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалып, ҚР ҚК 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта осы қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтауға арналған жедел іздестіру шарасы ұйымдастырылуда» - деді Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Серік Үпиев.

Ауылда малмен жан баққан халық ұрылардың табылатынына күдікпен қарайды. Себебі, желтоқсан айында да тура осылай малымды ауылдың шетіне шығарып сойып әкетті дейді Жайық Бейсеғұлов. Бірақ ұрылар қолға түспеді деп ашулы. Ал қазір мал ұрлығының ашу дерегі қатаң қолға алынды деген облыстық полиция департаменті соңғы 20 күнде 70 жуық ұрланған мал иесіне қайтарылғанын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар