Алматы облысында ұрланған 17 жылқы мал базарынан табылды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында ұрланған 17 жылқы мал базарынан табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 9 қазанда Жамбыл ауданы полиция бөлімінің кезекші бөліміне Кеңсай ауылының 76 жастағы тұрғыны арызданып, 2 қазаннан 3 қазанға қараған түні жайылымнан 17 жылқысының ұрланғанын айтқан. Шығынның жалпы көлемі 12 млн теңгеден астам қаржыға бағаланған.

Аталған дерек ҚР ҚК 188-бабының 4-бөлігі 2-тармағы бойынша тіркелді.

«Бірлескен кең ауқымды жедел-іздестіру шараларының барысында көршілес Жамбыл облысының Тараз қаласындағы мал базарынан жәбірленуші таныған, ұрланған 11 жылқы табылып, тәркіленді. Іздеуді жалғастырғаннан кейін Түркістан облысы Сайрам ауданының Арыс ауылынан жәбірленуші таныған тағы екі жылқы табылып, тәркіленді. Алыпсатарлар анықталып, олар арқылы тағы екі құлын мен бие Тараз қаласындағы жеке тұлғалардан табылды. Іздеу басталғаннан кейінгі екінші күні полиция қызметкерлері 17 жылқыны ұрлағанын мойындаған Жамбыл ауданы Қарақастек ауылында тұратын ҚХР 37 жастағы тумасын таудағы жайылымнан ұстады» дейді Жамбыл АПБ бастығы, полиция полковнигі Асхат Тегенбаев.

Барлық мал заңды иесіне қайтарылды.

Күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды. Жедел уәкілдер ұсталған адамның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.


Соңғы жаңалықтар