Алматы облысында «Ұмай Ана» үйірмесінің филиалдары ашылды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат -  Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің арнайы бригадасы «Туған жерге тағзым» жобасын іс жүзіне асыру мақсатында Алматы облысы Сарқан ауданындағы Черкасск ауылында болып қайтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жоба Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан туындап отыр. Жоғары оқу орнының бригадасы өзінің танымдық сапарын округтің Ақтұма ауылынан бастады. Ол алдымен Петропавл орта мектебінде аялдап, университеттің «Ұмай Ана» үйірмесінің филиалын ашты. Осыған байланысты Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі департаментінің директоры Жаңагүл Сұлтанова мен мектеп директоры Бауыржан Ибрайымова келісімге қол қойды.

Бұдан кейін бригада мүшелері ауыл тұрғындары алдында өнертану ғылымының мүмкіндіктері мен салалары, мектеп оқушыларының ата-ана мен мұғалім, қоршаған ортаға деген қарым-қатынасын жақсартудың жолдары мен тәсілдері туралы дәрістер оқыды. Соңынан концерт қойылды.

Келесі күні мұндай кездесу округтің Черкасск ауылында өтті. Мұнда да бригада мүшелері жергілікті мектепке ат басын бұрып, «Ұмай Ана» үйірмесінің филиалын ашу рәсімін жасады. Осы жерде ауыл тұрғындары мен мектеп ұжымының басы қосылған жиын өткізіліп, онда бригада мүшелері Жаңагүл Сұлтанова, Айнұр Досмағамбетова дәріс оқыды. Ал Марина Мұхтар «Ұмай Ана» үйірмесінің атқаратын жұмыстары жайлы кеңінен баяндап берді.

Кездесу барысында университеттің кітапхана бөлімінің меңгерушісі Майраш Әкімжанова жиналғандарды Рухани жаңғыру тақырыбында жарық көрген 17 кітаптың мазмұнымен таныстырды.

Бригада өз сапарларын Қарғалы ауылында аяқтады. Мұнда да мектеп ұжымымен келісім жасалып, «Ұмай Ана» үйірмесінің филиалы ашылды. Университет оқытушылары дәрістер оқып, «Томирис» би ансамблі концерт қойды. 

Соңғы жаңалықтар