Алматы облысында түнгі серуенді ұнататын 300-ден астам жасөспірім анықталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының тәртіп сақшылары «Түнгі қаладағы балалар» арнайы шарасы барысында 332 жасөспірімнің түнгі 22.00-ден кейін көше қыдырып, ойын-сауық орындарында жүргенін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кәмелетке толмағандардың басым бөлігі Талдықорған қаласы мен Талғар ауданында тіркеуге алынды. Олардың дені дәмханалардан, түнгі клубтар мен ойын залдарынан табылды.

Қазақстан заңнамаларына сәйкес, балалар мен жасөспірімдер түнгі уақытта ата-аналардың және басқа да ересек азаматтардың бақылауымен жүруі тиіс. Тек облыс орталығы бойынша екі тәулікте 51 жеткіншек қалалық полиция басқармасына жеткізілді. Жалпы Алматы облысы бойынша заң бұзудың 332 жағдайында 14 жасөспірімнің алкогольдік ішімдік ішкені анықталды. Сондай-ақ тәртіп сақшылары тіркеуге алған жастардың арасында бірнеше қыз бала және 3-сынып оқушысы болған.

Алматы облыстық Полиция департаментінің мәліметінше тәртіп сақшылары жасөспірімдердің ата-аналарымен кездесіп, әңгімелескен. Кейбір оқушылардың ата-анасына айыппұл салу туралы хаттама толтырылды.

Арнайы шара барысында Алматы облысының ірі елді мекендері мен 500-ден астам ойын-сауық кешені тексерілді.

Соңғы жаңалықтар