Алматы облысында түнде жалғыз жүрген 155 бала анықталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының аумағында жүргізілген «Профилактика» жедел алдын алу іс-шарасы барысында түнгі уақытта ойын-сауық орындарында немесе үйінен тыс жерде жүрген 155 бала анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, «Профилактика» іс-шарасының негізгі мақсаты - алкогольдік мас күйде жасалатын немесе тұрмыстық заңбұзушылықтардың алдын алу, әсіресе жасөспірімдер арасындағы қылмыстарды болдырмау.

«Облыс бойынша түнгі уақытта кәмелет жасына толмаған жасөспірімдердің заңсыз келуіне жол берген 7 көңіл көтеру орны анықталып, оларға хаттама толтырылды. Сондай-ақ, жедел алдын алу іс-шарасы кезінде тәртіп сақшылары 1244 әкімшілік заңбұзушылықты анықтап, жауапкершілікке тартты», - деп атап өтті облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасының өкілі, полиция майоры Дәулет Смақов.

Айта кетейік, Алматы облысының полицейлері 23 - 27 қаңтар аралығында «Профилактика» жедел алдын алу іс-шарасы аясында өңірдегі қоғамдық орындардағы тәртіпке, әсіресе жасөспірімдердің әрекеттеріне жіті назар аударатын болады.

Соңғы жаңалықтар