Алматы облысында төрт баланың әкесі 7 айдан бері табылмай жатыр
2017 жылғы 16 мамыр 13:23

Алматы облысында төрт баланың әкесі 7 айдан бері табылмай жатыр

ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысында төрт баланың әкесі, 40 жастағы Бақтыбай Ибрагимов 7 айдан бері табылмай жатыр. Асыраушысынан қол үзіп қалған жары Меруерт Сепбосынова қазір шарасыз күйде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сегіз, жеті, алты жастағы және 10 айлық баласымен қалған әйел қазір күйеуінің аман-есен оралатынынан күдер үзгенін де жасырмайды.

«Ешкімнің жанына емес, өз жаныма ғана батып тұр. Күйеуім жоғалғаннан кейін бірден жұмысқа шықтым. Бірақ 27 мың теңгелік табысым, балалардың тамағына да жөндеп жетпейді. Енді ғана Талдықорған қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар арқылы 4 балама 3 айда бір рет берілетін 9 мың теңге көлемінде жәрдемақы алдым. Мемлекет 3 айда бір рет болсын 9 мың теңгеден беріп жатыр. Тәубе. Бірақ, қазір бәрі қымбат. Балаларымды өсіріп-жеткізуім керек. Жолдасымның не тірі, не өлі екенін білмей, жұмбақ күйде өмір сүріп жатырмыз. Есеңгіреп қалдым», - дейді Меруерт Сепбосынова.

Қазір Меруерт баспана жалдап, Талдықорған қаласына қарасты Ащыбұлақ саяжайында тұрып жатыр екен. Балаларына қысты күні аяқ-киім де алып бере алмадым деген жалғыз басты ана жаны жомарт жандар қол ұшын созса дейді.

«Бала-шағама көмек берсе деп тілеймін. Төрт баламның болашағына қатты алаңдаймын. Баспанамды ыңғайлап алсам деген арманым бар. Егер ниетті жандар болса, 8775 175 28 86 нөміріне хабарласуларын сұраймын. Қазақ жетімін жылатпаған халық қой, жаны жомарт жандардан үмітімді үзбеймін» -дейді талдықорғандық тұрғын.

null

Естеріңізге сала кетейік, Бақтыбай Көлбайұлы Ибрагимовтың жоғалғандығы жөнінде біз бұған дейін де хабарлаған болатынбыз. 40 жастағы Бақтыбай Көлбайұлы мен 1961 жылы туған Аймұхамед Омарұлы 27 қазан күні екеуі жолға шығып, хабар-ошарсыз кеткен. Ақсу ауданынан Талдықорғанға бармақ болған азаматтардың бірі Аймұхамед Омарұлының өлі денесі Талдықорған-Матай тас жолы маңындағы көлшіктен табылған. Ал ұшты-күйлі жоғалған Бақтыбай Көлбайұлынан әлі хабар жоқ. Егер кімде-кім осы азаматты танып, хабардар болса Ақсу ауданының ІІБ хабарласуын, жары Меруерт Сепбосынова көпшіліктен сұрайды.

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT