Алматы облысында төрт ай бұрын жоғалған оқушының өлі денесі табылды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат -  Алматы облысында 29 маусымда жоғалған Иса Бекбаевтың өлі денесі табылды. 13 жастағы оқушының мүрдесін сот-медициналық сараптамаға алып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат  тілшісі.

Алматы облыстық ТЖД баспасөз қызметінің өкілі Азамат Жұртбаевтың айтуынша, баланың мәйітін жергілікті тұрғын өзен жағасынан кездейсоқ көріп қалған.

«Баланың денесі Үштөбе қаласындағы Қаратал өзенінің жағасынан табылды. Мәйітті сараптама жасау үшін мәйітханаға алып кетті», - деді А. Жұртбаев.

Ал облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, оқушының мүрдесі 21 қазан күні оқиға орнынан үш шақырымда орналасқан Қожбан ауылының тұсында өзен арнасынан табылған.

«Баланың мәйітін туыстары таныды. Қазіргі таңда осындай жағдайларда жүргізілуі тиіс сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Сараптама қорытындысы баланың неден қайтыс болғанын анықтайды. Бастапқы нұсқа бойынша жасөспірім суға батып кеткен. Бұл туралы куәгерлер де айтқан болатын», - деп мәлімдеді аталған ведомстводан.

Естеріңізге сала кетейік, 29 маусым күні жоғалған. Ол досымен балық аулауға кетіп, сол күйі үйіне оралмаған. 13 жастағы баланы облыс құтқарушылары 16 күн бойы іздеп, жұмыстары нәтиже бермеген еді. Сол себепті баланы іздеу тоқтатылғаны жөнінде оның ата-анасына ресми хат арқылы хабарланған.
Бірақ баласы «Қаратал өзеніне ағып кетті» дегенге сенбеген ата-ана облыстық ІІД-ге арнайы барып, басшылығынан іздеуді кешенді түрде жүргізуді сұрады. Тәртіп сақшылары іздеу жұмыстары қайта жалғастырған болатын.

Соңғы жаңалықтар