Алматы облысында төлем терминалдарын ұрлаған қылмыстық топ ұсталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында төлем терминалдарын ұрлаған қылмыстық топ ұсталды. Бес күдіктінің барлығы Талғар ауданының тұрғындары, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ұсталғандардың барлығы бұрын сотталғандар. Қазір олар наурыз және сәуір айларында жасалған 9 қылмысқа қатысы бар деп күдіктелуде. Ал оқиға Еңбекшіқазақ және Талғар аудандарында болған.

«Топтың құрамындағылар - 28 бен 21 жастағы жігіттер. Олардың барлығы Талғар ауданының тұрғындары. Барлық істе күдіктілер төлем терминалдарын ұрлаған. Бірнеше факті бейнебақылау камерасына жазылып қалған. Бірінде күзетші қарсылық көрсеткені де бар. Қазір екі терминал іс материалына айғақ зат ретінде тіркелді. Ал жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі есептеліп жатыр» деп мәлімдеді аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.

Қазір күдіктілердің өзге де қылмыстарға бар-жоғы тексерілуде.

«Барлық бес күдікті қазір уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жұмысын Талғар ауданының полицейлері жүргізуде», - деп толықтырды Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Соңғы жаңалықтар