Алматы облысында терроризмнен қорғану талаптарын сақтамаған 31 нысанға айыппұл салынды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының полицейлері нысандарды тексеру жұмысын аяқтады. Шара  барысында бірқатар мекемелердің жетекшілеріне 8 миллион теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда 1412 мекеме тексерілді. Терроризмнен қорғану талаптарына бей-жай қараған 31 нысанның басшысы жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 11 білім беру ұйымы, 7 қоғамдық тамақтандыру нысаны және бірқатар сауда, мәдениет, денсаулық сақтау және су шаруашылығы нысандары бар. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 8 миллион теңге. Сонымен қатар, біздің тексерулер нәтижесінде анықталған кемшіліктерді түзету туралы 413 нұсқама берілді», - деп мәлімдеді Алматы облыстық  Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, аталған тексеруге облыстық Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы ұйтқы болған. Олар биыл дәстүрлі емес дін ұстаушыларының қатысы бар 20 қылмысты анықтаған.

«Анықталған фактілер жалпықылмыстық сипатқа ие. Оның ішінде қорқытып алудың 2 дерегі, заңсыз медициналық қызмет көрсетудің 2 дерегі, қарақшылықтың 3, адам тонаудың 1 дерегі бар. Сондай-ақ, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, алаяқтық, зорлық көрсету, ұрлық, қару-жарақты және есірткіні заңсыз сақтау сияқты заңбұзушылықтар бар. Әкімшілік заңнаманы сақтау бойынша 9 заңбұзушылық анықталды. Олардың ішінде  экстремистік сипаттағы материалдарды сақтау, тіркелмеген діни ұйымдардың қызметіне араласу және өзге де деректер бар»,- деп атап өтті баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, облыстың тәртіп сақшылары биыл лаңкестік акті туралы жалған хабарлама берудің екі дерегі тіркеліп, «телефон әзілкештері» ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылғанын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар