Алматы облысында телефон террорисі сотталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында темір жол станциясына жарылғыш зат қойылды деп қоңырау шалған Үштөбе қаласының тұрғыны сотталды. Қаратал ауданының соты оны екі жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақпан айының соңында белгісіз біреу Үштөбе қаласында «102» номеріне хабарласып, темір жол станциясына жарылғыш зат қойылғанын айтады. Жедел түрде Қаратал аудандық полициясы, төтенше жағдай қызметі, саперлар мен ҰҚК қызметкерлері темір жол станциясын қоршауға алады. Адамдар қауіпсіз жерге шығарылып, поездар тоқтатылады. Тексеру барысында вокзал аумағында ешқандай жарылғыш зат табылмады.  Ұсталған азамат сотта өзінің алкогольдік ішімдік ішіп алып, вокзал маңында күдікті біреулердің жүргенін көргенін айтып ақталды. Алайда күдікті ҚР ҚК 273- бабымен кінәлі деп танылды. 46 жастағы азамат енді екі жылын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздік деңгейі орташа мекемесінде өткізетін болды.

Айта кетсек, тәртіп сақшылары жалпы терроризмге қатысты жалған ақпарат таратқаны үшін 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын ескертеді.

Соңғы жаңалықтар