Алматы облысында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «25 жұлдызды күн» шарасы өтеді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ерекше тарту жасалмақ. Аймақта мерейтойлық датаны кең көлемде атап өтудің кешенді жоспары әзірленді. Мерекенің негізгі бағдарламасына қосымша айтулы күнге айшықты реңк беретін 25 ірі шара облыс тұрғындарына ерекше сый болмақ. «25 жұлдызды күн» 21 қарашадан басталып, 15 желтоқсанға дейін жалғасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаевтың айтуынша, мерейтойлық шаралар әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық салаларын қамтиды. Атап айтқанда, жұлдызды күндер аясында заманауи кәсіпорындардың ашылуы, жаңа жұмыс орындарының құрылуы, түрлі қайырымдылық шаралары, тұрғын үйлерді және басқа да әлеуметтік маңызды нысандарды пайдалануға беру, спорттық жарыстар, кітаптардың, деректі фильмдердің тұсаукесерлері және басқа да шаралар бар.

- «25 жұлдызды күннің» аса ірі оқиғасының бірі ретінде бір күнде 25 балабақшаның қатар ашылуын атап өтуге болады. Олардың барлығы да мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде салынған.

Тағы бір маңызды шара ­- облыстың 25 елдімекеніне көшпелі «Скрининг» шығып, медициналық қызмет көрсететін болады.

Облыстың 75 елдімекенін қамтитын «Жібек жолы» қайырымдылық шарасы да ерекше болмақ. Акция асында Сүйінбай атындағы облыстық филармония мен Бикен Римова атындағы драма театрының, «Талдықорған әуендері» ансамблінің әртістері гастрольдік сапарға шығады, - дейді Рустам Алпысбаев.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мерейтой қарсаңында жаңа пәтер кілттерін салтанатты жағдайда табыстау шаралары да ұйымдастырылып, Талдықорған қаласында 168 пәтерлі жалдамалы үй пайдалануға берілсе, Талғар қаласында жаңа 64 пәтердің иесі қуанышқа кенелмек.

«Талдықорған - бақ қала» акциясының жалғасы ретінде облыс орталығында 25 мың түп ағаш отырғызылады. Талантты жастар 25 күй орындап, бір мезетте 25 тақтада шахмат ойналады.

Сонымен қатар Қарасай, Қаратал, Кербұлақ аудандарында 3 мектеп ашылса, ғарышкер Айдын Айымбетовпен "жұлдызды гид" шарасы өткізіледі.

Айта кетейік, аталған "жұлдызды гид" шарасы аясында Талдықорғанда жаңадан ашылған оқушылар сарайында орнатылған телескоппен Айдын Айымбетов жас өрендерге жұлдыздарды тамашалатып, олардың ерекшеліктері туралы түсіндіреді. 

Соңғы жаңалықтар