Алматы облысында таудағы көлдердің жағдайы тікұшақпен тексерілді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат – Алматы облысында таудағы көлдердің жағдайы тікұшақпен тексерілді. Мамандардың пікірінше, жағдай қалыпты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жетісудың тауларын тікұшақпен Алматы облысының бас прокуроры Азамат Жылқыбаев, Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Ляззат Тұрлашов, облыстық ТЖД, «Қазселденқорғау» және «Қазгидромед» қызметкерлерімен бірлесіп тексеріп шықты.

«Қазіргі таңда таулы аймақтарда қар 10-15 см қалыңдықты құрайды. Ешқандай қауіп жоқ. Өзендер бойынша да жағдай бірқалыпты», - Алматы облыстық ТЖД басқарма бастығының орынбасары Қанат Алтынбеков.

Әуеден барлау жұмыстары Ескелді, Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының аумағын қамтыды. Жауаптылар тау басындағы қардың қалыңдығын бағамдап, мұздық көлдер мен өзендерде қалыптасқан жағдайды саралады. Әсіресе, Қызылағаш су қоймасы, Басқан мен Сарқанның тоғысар тұсына баса назар аударды. Ал, Тентек өзенінің бойына әуе кемесін арнайы қондырып, атқарылған шаруаларды көрді. Өткен қыста қатып, артынша мұз бетімен аққан қызыл су Үшаралдың шетіндегі үйлерді шайып кетуге шақ қалған еді. Жергілікті атқарушы билік өкілдері қауіпті сейілту үшін 6,5 шақырымға созылған бөгет тұрғызды. Арнасын тереңдетіп, су өткізу мүмкіндігін секундына 14-тен 300 текше метрге дейін жеткізген болатын.

«Мореналық көлдердің жағдайы қалыпты. Су деңгейі төмен. Себебі қазір мореналық көлдер қысқы режимде жұмыс істеуде. Қазіргі таңда ол жақта қар түсіп, судың деңгейі аздау болып жатыр», - деді «ҚАЗСЕЛДЕНҚОРҒАУ» ММ Алатау аумақтық пайдалану басқармасы филиалының басшысы Мейрам Нұрымбетов.

Соңғы жаңалықтар