Алматы облысында тауда жоғалып кеткен төрт жасар бала аман-есен табылды
«16 мамыр күні сағат 20:30-да Алматы облысы ТЖД Кербұлақ ауданы Доланалы ауылының маңында 2018 жылы туған баланың жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түсті.
Ата-аналардың мәліметі бойынша, түскі уақыт шамасында олар төрт жасар баламен бірге таулы аймаққа саңырауқұлақ теруге шыққан. Бір сәтте ата-аналар көліктің жанында ойнап жүрген баланың жоқ екенін байқаған. Үш сағатқа жуық ата-аналар баланы өз бетінше іздестірген, содан кейін ТЖД-дан көмек сұрады.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына Алматы облысының ТЖД қызметкерлері, полиция, жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті тұрғындар, саны 100-ден астам азаматтар және 1 іздестіру иті дереу кірісті.
Іздеу нәтижесінде сағат 23:30-да бала жоғалған жерден 3 км қашықтықта табылды және дәрігерлердің тексерісінен кейін ата-аналарына тапсырылды»,- делінген Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Ведомствоның ақпаратына сәйкес, қазіргі уақытта баланың денсаулығына төнген қауіп жоқ.