Алматы облысында табиғатқа 6 млн теңгеге жуық залал келтірілген

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Биыл 10 айда Алматы облысында заңсыз аң және балық аулап, орман қорына қол сұққандарға қатысты 600-ге жуық дерек тіркелді. Олар табиғатқа 6 млн теңгеден астам залал келтірген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл заң бұзу фактілерін Алматы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары рейдтік шаралар барысында анықтады. Негізінен аң және балық аулау маусымы кезінде браконьерлер қызыл кітапқа енген аң-құсты атып, рұқсат етілген мөлшерден тыс балық аулау барысында қолға түседі, дейді мамандар.

 Осындай рейдтік шаралардың бірі облыстық табиғатты қорғау полициясы мамандарымен бірлесіп, Қаратал, Лепсі өзендері бойымен Балқаш көліне дейін тікұшақ арқылы жүргізілді. Шара барысында Үштөбе қаласы маңындағы күріш алқаптарында аңшылық жасап жүрген адамдар көзге түсті. Тікұшақ қонғанша екі азамат қару мен олжасын қамыс арасына жасырып үлгерген. Алайда мемлекеттік инспекторлардың қырағылығының арқасында заң бұзғандардың қылмысы әшкереленді. Нәтижесінде қару мен атылған қырғауыл тәркіленіп, мылтық иесіне әкімшілік іс қозғалды. Себебі оның аңшы куәлігі мен мылтығының құжаты болғанымен, белгілі бір жерде аң-құс атуға лицензиясы жоқ. Рейд барысында Қаратал жағасында мұздай қаруланған, үш жол талғамайтын көлікке мінгендер тоқтатылды. Олардың барлық құжаттары түгел, бірақ біреуі аң атуға лицензиясын алып үлгермеген. Оған құзырлы орган өкілдері ескерту жасады. Егер дәл осындай жағдай қайталанатын болса, әкімшілік жаза қолданылады, дейді Қаратал аудандық ІІД Табиғатты қорғау полициясының өкілі Юрий Тоқтаров. Тәртіп сақшысының айтуынша, қазіргі таңда аңшылар заманауи жабдықтармен қамтылған. Оларда жерсеріктік байланыс, радиобайланыс, биіктен бақылайтын бейнекамералар мен жол талғамайтын мықты көліктер бар. Сондықтан бір азаматтарды тексеріп үлгергенше, олар өз серіктеріне белгі беріп үлгереді.

Осындай бірлескен рейдтік шаралар барысында мемлекеттік инспекторлар жыл басынан бері 587 заң бұзу фактісін тіркеген. Заңбұзушыларға 6 млн теңгеге жуық айыппұл салынды. Алматы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының бөлім басшысы Ринат Құмашевтың пікірінше, негізінен заң бұзу қарапайым тәртіптерді сақтамаудан басталады. Мәселен аңшы белгілі бір жерде аң атуға шықса, оның рұқсат құжаттары, аңшылық шаруашылығы басшысының қандай аң атуға рұқсат бергені туралы лицензиясы болуы керек. Сондай-ақ балық аулауға шыққан әрбір азаматқа бес келі балық аулауға ғана рұқсат етіледі. Және оның қармақтарындағы күршек саны бесеуден аспау керек.

Жалпы Алматы облысы аумағында 10 айда Заңды белшесінен басқан 10 адамға қылмыстық іс қозғалды. Екі адам сотталды. Тағы екі адамның ісі қаралып жатыр.

Соңғы жаңалықтар