Алматы облысында суға кеткен қыздың отбасына 1 млн теңге көмек беріледі

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының әкімдігі суға батып, көз жұмған қыздың туыстарына материалдық көмек беретін болды. Бұл жөнінде марқұмның туыстарына көңіл айтып барған Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Талдықорған қаласының әкімі суға кеткен қыздың үйіне барып, марқұмның жақындарына көңіл айтты. Бес күн бойы Айнагүл Нұржанқызын іздестіру шарасының басы-қасында бірге жүрген Ғ.Әбдірайымов жағдайдан хабардар екенін айтты.

«Бес күн бойы мен жандарыңызда жүріп, туыстай болып кеттім. Жаныңыз қалай күйзелетінін де мен білемін. Бүгін, міне, Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың тапсырмасымен көмек ретінде бір миллион теңге көмек береміз. Оған қоса, бұдан былай да медициналық, психологиялық көмек беріледі», - деді әкім.

«Сіздердің бес күн бойы қалай жұмыс істеп, қаншама адамды жұмылдырғаныңызды көрдік. Техникамен қамтамасыз етіп, қызымызды іздеп тапқандарыңыз үшін рахмет», - деп көзіне жас алды марқұмның апасы.

Естеріңізге сала кетсек, 5 шілде күні 14 жастағы Айнагүл Қаратал өзеніне ағып кеткен. Жасөсіпірмнің денесін іздеуге 300-ге жуық адам жұмылдырылған болатын. Іздестірушілер алты күн бойы өзеннің арнасын бұрып, қарқынды жұмыс жүргізді. Марқұмның денесі алтыншы күні табылды. Жасөспірімнің аяғы өзендегі тасқа тіреліп қалғанын хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар