Алматы облысында суармалы жерлерді қалпына келтіруге 153 млрд теңге жұмсалады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында 2025 жылға дейін жалпы 153,4 млрд теңгеге қайта жаңғырту және күрделі жөндеу арқылы 114 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, қараусыз, қолданыстан шығып қалған суармалы жерлерді айналымға тарту - аграрлы-индустриалды аймақ үшін маңызды бағыттың бірі.

Осыған байланысты 2025 жылға дейін облыста жалпы сомасы 153,4 млрд теңгеге қайта жаңғырту және күрделі жөндеу арқылы 114 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру жоспарлануда.

Бұл суармалы жерлерден ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы жиынын 35 пайызға арттыруға, шамамен 9,5 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Қанат Бозымбаев тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылымды дамытудың өзекті мәселелеріне назар аударды.

Соның ішінде тозығы жеткен су жүйелерін жаңарту, елді мекендерді газдандыруды жалғастыру, Талдықорған қаласының инженерлік-көліктік инфрақұрылымын дамыту, кезекте тұрғандарды сапалы және қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету, сонымен қатар ішкі істер органдары қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдерін беру, тұрғындарды сапалы саяжай массивтерінің проблемаларын шешу бағыттары да қамтылды.

«Облыстағы саяжайлар мәселесін кешенді түрде қарастыру керек. Облыста барлығы 705 саяжай бар, оның 674-і немесе 95,6%-ы Алматы агломерациясы аймағында орналасқан. Саяжайларда 214 мың адам тұрады. Бюджет қаржысы мен жеке инвестицияны тарта отырып, Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ, Қарасай аудандарында жаңа тұрғын үй салу мен инфрақұрылым жүргізу арқылы оларды қоныстандыру керек немесе саяжайларға елді мекен мәртебесін беру қажет. Біз осы мәселе қатысты іс-қимыл жоспарын әзірлеп жатырмыз, тиісті ұсыныстар енгізілетін болады», - деді Қанат Бозымбаев.


Соңғы жаңалықтар