Алматы облысында су басқан аулалардың саны 300-ге жуықтады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында су басқан аулалардың саны 300-ге жуықтады. Әсіресе Жамбыл ауданына қарасты Ұзынағаш ауылы қызыл су жайылған елді-мекендердің ішінде бірінші орында тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 28 ақпан күні Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылындағы 120 аулада  су тұр. Ал өткен тәулікте 50 үйдің ауласы судың астында қалған Қайназар ауылында жағдай тұрақталды. Суды шығару жұмыстары қазір қалған 3 аулада жүргізіліп жатыр. 

Ал екінші орында Қарасай ауданы. Мұнда 82 жағдай тіркелген. Аулаларды су басу Қаскелең қаласында - 28, Батан ауылында - 34,  Қырғауылды -5, Абай  ауылында 15 жағдай тіркелген. Талғар ауданында да жағдай мәз емес. Мұнда 62 ауланы су басқан. Талғар қаласында - 9, Тұздыбастау ауылында - 27, Бесағаш -2, Қызылту -10, Панфилов елді-мекенінде осындай 14 жағдай орын алуда. Ал  Еңбекшіқазақ ауданындағы Байтерек ауылында  15 аула судың астында қалған.
null null 

Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, оқиға орындарында жергілікті орган, құтқарушылар, әскери қызметкерлер жұмыс істеп жатыр. Қазір су басқан елді-мекендерге  Алматы облысының әкімі Амандық Баталов барып, жағдаймен танысуда.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысының Жамбыл ауданында төтенше жағдай жарияланғанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз. 



Фото: ТЖ комитеті

Соңғы жаңалықтар