Алматы облысында спорт әдіскерлерінің жұмысы сынға алынды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың төрағалығымен жиын өтіп, онда өңірдегі спорт саласы әдіскерлерінің қызметі туралы мәселелер талқыланды. 

Ж.Омардың айтуынша, бүгінгі күні әдіскерлердің бұқаралық спортты дамытудағы негізгі міндеттерін орындау сапасы жеткілікті деңгейде емес,  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиында айтылғандай, Алматы облысында қазіргі кезде 253 спорт әдіскері бар. Оның 65% бұрын спорт саласында жұмыс жасамаған, сонымен қатар кадрлар тұрақсыздығы да байқалады. 2014-2018 жылдары әдіскерлер тарапынан 12 мың спорттық-бұқаралық шаралар өткізіліп, оған 540 мыңға жуық адам қатысқан. Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар бұл көрсеткішті өте төмен деп бағалап, кейбір нұсқаушылардың 4 жыл ішінде 19-25 ғана спорттық-бұқаралық шара өткізгенін сынға алды. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының, аудан, қала әкімдері орынбасарларының есебін тыңдаған Ж. Омар спорт нұсқаушыларының қызметін бағалаудың рейтингілік жүйесін енгізуді тапсырды.

«Спорт әдіскерлері бұқаралық спортты дамытумен айналысуы керек, олардың басты міндеттері осы. Ортақ нәтиже әрбір нұсқаушының жұмыс сапасына байланысты түзіледі» , - деді облыс әкімінің орынбасары.

Жиынды қорытындылай келе ол,  облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына нұсқаушылардың жұмысын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ, сәйкес білімі жоқ нұсқаушылар үшін қысқа мерзімді курстар ұйымдастыруды міндеттеді.

Соңғы жаңалықтар