Алматы облысында сиырларды робот сауады
Балпық би ауылында жеке кәсіпкер Рахым Каримов тауарлы-сүт фермасын 2017 жылы іске қосқан. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жүзеге асырылған жоба құны 1,3 млрд теңге. Шаруашылыққа Германиядан 334 бас «Голштейн» сиыры әкелінді. Қазіргі таңда 309 басы бұзаулап, 4 роботтандырылған кешенмен сауылып жатыр. Әр сиыр тәулігіне 30 литр сүт береді. Әр бастың жылдық өнімділігі 9 мың тонна сүт. Бұл инновациялық жобаның басты мақсаты - өңірде сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамытып, жергілікті өндіруші кәсіпорындарды сапалы өніммен қамту. Жыл соңына дейін тауарлы-сүт фермасы 66 тайынша әкелуді жоспарлап отыр. Ал, шаруашылықта 25 адам еңбек етеді.
Кәсіпорынның жұмысымен танысқан Амандық Баталов Алматы облысында дәл осындай заманауи бағыттағы фермалардың саны артатынына сенім білдірді.