Алматы облысында шомылу маусымы басталғалы 37 адам суға кетті

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысы аумағындағы өзен-көлдер мен тоғандарда шомылу маусымы басталғалы 37 адам суға ағып кетті. Олардың 17-сі бала, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 5 адамға аз. Дегенмен саябырсуға уақыт жоқ дейді құтқарушылар. Сондықтан суда құтқару қызметінің жұмыс қарқыны күшейтілген. Балқаш көлінің жағалауында 14 құтқарушы үш ауысымда жұмыс істейді. Жағажайдың 25 шақырымын бірнеше реттен шолып өтіп, демалушыларға суға түсу ережелері жазылған ескертпе парақшаларын таратып, құлаққағыс жасап отырады.

Сарқан өңірлік суда құтқару қызметінің басшысы Талғат Ахметхановтың айтуынша, құтқарушы мамандығының өзіндік қызық та қиын тұстары бар. Осы салада 40 жылдан астам еңбек өтілі бар білікті маман үшін ең ауыры қайғылы ақпаратты бірінші болып айту.

«Ең біздің жұмыстағы ауыры қайғылы хабарды ағайынға жеткізу. Не істеріңді білмейсің. Не айтарыңды білмейсің. Сенен бір жақсы хабар күтеді. Бірақ кейбір жағдайларда амал не? Бірақ сол қайғылы жағдайдың көбісі адамның өзіне жауапсыз қарағанынан», дейді ол.

Соңғы жаңалықтар