Алматы облысында шектеу шаралары күшейтіледі, Талдықорған - «қызыл аймақта»

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында «Қызыл» және «сары» аймақтарда орналасқан өңірлерде шектеу шаралары күшейтіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия «қызыл» және «сары» аймақтардағы шектеу шараларын күшейту туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Ақпаратқа сәйкес 2021 жылғы 12 қаңтардағы жағдай бойынша облыста КВИ-дің 7730 жағдайы тіркелген. Облыста сырқаттанушылықтың өсуі 2020 жылдың қазан айынан басталды, инфекцияның тіркелуі 3 айда 7,5 есеге артты: қыркүйек - 74 жағдай, қазан – 184 жағдай, қараша – 591 жағдай; желтоқсан – 1386 жағдай. Қаңтар айының 11 күнінде коронавирустық инфекцияның 597 жағдайы тіркелді.

Бүгінде облыс ауруханаларда 434 адам емделуде, оның 29-ы ауыр халде, 357 адам амбулаториялық емделуде.

Коронавирустық инфекцияның жұқтыру қаупі қоғамдық орындарда (сауда және қоғамдық тамақтандыру объектілері, базарлар) жоғарылап отыр, бұл жерлерде науқастардың 40% және отбасында 25% жұқтырған.

«Бұл мереке күндері қала мен оған жақын аудандардың тұрғындары санитарлық дәрігердің талаптарын сақтамай, шектеу шараларын бұзғанын көрсетеді.

Мәселен, жаңа жылдық демалыс күндерінен кейін Талдықорған қаласындағы коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдай қауіпті болып отыр, бағалау матрицасына сәйкес қала «қызыл аймақта«, ал Көксу, Ескелді және Панфилов аудандары «сары аймақта« қалып отыр.

Биылғы жылдың қаңтар айының 11 күні ішінде Талдықорған қаласында 135 адам, Көксу ауданында 62 адам, Ескелді ауданында 41 адам инфекция жұқтырған.

Осыған сәйкес эпидемиологиялық жағдайды бақылауды күшейту мақсатында Талдықорған қаласында, Көксу, Ескелді аудандарында 13 қаңтардан бастап демалыс күндеріне (локдаун) қосымша шектеулер енгізілетін болады»,- делінген аталған ведомствоның баспасөз қызметі таратқан хабарламада. Мейрамханалар мен дәмханалар (алып кету және жеткізу – шектеусіз), ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері (азық-түлік базарларын, дәріханаларды, сұлулық салондарын, химиялық тазарту орындарын қоспағанда), жабық базарлардың (азық-түлік және азық-түлік емес), сауналар мен СПА салондардың, спорттық-сауықтыру орталықтары, мұз айдындарының және т. б. жұмысы тоқтатылады.

Эпидемиологиялық жағдайға байланысты осы жылдың 21 қаңтарына дейін аталған аймақтардың мектептерінде онлайн оқыту мерзімі ұзартылды.

Соңғы жаңалықтар