Алматы облысында сексеуілді заңсыз кескен ер адам ұсталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында полиция қызметкерлері Балқаш ауданының 41 жастағы тұрғынын ұстады. Оған сексеуіл ағаштарын заңсыз кесті деген күдік кетіріліп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық табиғат қорғау полициясының қызметкерлері Балқаш ауданына қарасты Береке ауылында ГАЗ-53 маркілі көлігін тоқтаты. Көліктің борты сексеуіл ағашына толы болған. Жүк көлігінің иесі тәртіп сақшыларына сексеуіл ағашын кесуге және оны тасымалдауға рұқсат беретін ешқандай құжаттарды көрсете алмады. Осыған байланысты ол аудандық полиция бөлімшесіне жеткізілді.

«Ұсталған көліктен 3 текше метрден астам жаңа оталған жас сексеуіл ағашы алынды. Ал бұл ағашты кесуге Қазақстан заңдары бойынша 2023 жылға дейін шектеу қойылған. Мемлекетке келтірілген зиян әзірге анықталуда. Осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары біткенше, күдіктіге қажетті уақытта полиция бөліміне келіп тұру жөнінде талап қойылды»,-деп хабарлады Алматы облыстық Полиция департаментінің табиғат қорғау полициясы бөлімінің бастығы Ерлан Құжақов.

Ведомство өкілдері сонымен қатар, өңірде 14 ақпаннан бастап, «Браконьер» сауықтыру шарасы жүріп жатқанын және оның барысында заңсыз ағаш кесу жағдайы бойынша 8 қылмыстық іс қозғалып, 10 текше метр ағаш тәркіленгенін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар