Алматы облысында садақа жәшігін бұзған әйел ұсталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының Жамбыл ауданында кесенедегі садақа жәшігін бұзған күдікті әйел ұсталды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға Жамбыл ауданындағы кесенелердің бірінде болған. Кесененің тазалығы мен тәртібіне қарап, тәу етіп келушілерге жәрдем беруші тұлға кесене ішіндегі садақа жәшігінің құлпы бұзылғанын және ішіндегі қаражаттың қолды болғанын анықтаған.

«Кесенедегі садақа жәшігінің қолды болғаны туралы хабар түсті. Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 39 жастағы әйел адам полиция бөлімшесіне жеткізілді. Оның жақын ауылдардың бірінің тұрғыны екені анықталды. Күдіктіден қолды болған қаражат тәркіленді. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр»,- деді Жамбыл ауданы полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Асхан Тегенбаев.

Тергеу барысында күдіктінің бұған дейін кесенеге келіп, қаржы салынған жәшіктің еш бақылаусыз тұрғанына көз жеткізгені белгілі болды. Келесі жолы дайындықпен келген әйел жәшіктің құлпын бұзып, ішіндегі қаражатты алып кеткен.

Күдікті әйел мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды. Оның бұдан өзге де осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілетін болады.


Соңғы жаңалықтар