13:23, 27 Желтоқсан 2017 | GMT +6
Алматы облысында республикалық маңызы бар жол жабылды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында республикалық маңызы бар жол жабылды. Алтын-Емел асуы маңында қатты жел соғып, жол көрінбейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгін сағат 11:30 да «Сарыөзек-Көктал» тас жолының 45-65 шақырым аралығында жол жабылды. Алтын-Емел асуының маңы бұрқасыннан жол көрінбейді. Табиғаттың қолайсыздығына байланысты жолаушылар осы бағыт бойынша сапарларын кейінге шегерсе деп сұраймыз», - деп жарияланған облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Айта кету керек, желтоқсанның 26-нан 27-не қараған түні Талдықорғанда да екпіні күшті жел соқты. Ағаштар сынып, екі жерде электр сымдары үзілген. Кейін қала әкімінің баспасөз хатшысы Данияр Жаныс үйлерге жарық қосылғанын мәлім етті.