Алматы облысында радикалды топтарды жою шаралары жалғасуда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша, Алматы облысындағы антитеррористік операция кезінде 20 адам ұсталған. Олардан 40 оқ ататын қару мен 500-ден астам оқ-дәрі тәркіленді. Бұл туралы ҚазАқпарат 24.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Өңірде радикалды топтардың көзін жою жұмыстары жалғасып жатыр. Қаланың шыға берісінде блокпостар қойылған. Әскери қызметшілер автомобильдер мен жолаушылардың құжаттарын тексеріп жатыр. Өңірлік полиция департаментінің хабарлауынша,бүгіннен бастап бақылау-өткізу бекеттері облыс орталығының өзіне де орнатылды. Полиция өкілдері тұрғындардан асқан бір қажеттілік болмаса, көшеге шықпауды сұрайды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, облыс коменданты Серік Күдебаев халықты сабырлыққа шақырып, аса қажеттіліксіз үйден шықпауға кеңес берді.

«Қазіргі уақытта жағдай бақылауда. Тіршілікті қамтамасыз ету нысандары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Тұрғындардан жағдайға түсіністікпен қарауды, сабырлық сақтауды және үйде қалуды сұраймыз.

Облыс аумағында террористік қауіптің «қызыл» төтенше деңгейі енгізілгенін тағы еске саламын. Заңды талаптарға бағынбаған жағдайда құқық қорғау органдары табанды шаралар қабылдайтын болады, тіпті қару қолдануға дейін», - деді Серік Күдебаев.


Соңғы жаңалықтар