Алматы облысында прокурорлар жер телімдерінің бөліну заңдылығын тексерді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған қаласында облыс прокурорының  төрағалығымен және облыс әкімінің қатысуымен жер қатынастар саласында бірыңғай заң қолдану тәжірибиесін әзірлеу мәселесі бойынша алқа отырысы өтті. Оған облыстың жергілікті атқарушы және уәкілетті мемлекеттік органдарының басшылары қатысты, - деп  хабарлайды ҚазАқпарат облыс прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Прокуратура әкімдіктердің жер қатынастары саласындағы жұмысының тиісті деңгейде атқарылмайтындығын, жер учаскелерін ұсыну кезінде көптеген заң бұзушылықтарға жол берілгендігін атап өтті.

Талдықорған қаласында жер заңнамасы мен орман заңнамасы талаптарын сақтамай орман жер қорынан жеке тұрғын үй салуға 12 жер учаскесі  берілгені анықталды.

Талғар ауданында Республикалық жерсіндіру-карантиндік көшеттігінің жер учаскесі 0,43 гектарға қысқартылып, жеке  қосалқы шаруашылық жүргізу үшін 5 жер учаскесіне бөлініп берілген.

Аталған деректер бойынша тергеп-тексеру шаралары басталды.

Сонымен қатар, бұл жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша шаралар қолға алынды.

Биылғы жылдың 6 айында прокурорлар 53 тұлғаны түрлі жауапкершілікке (тәртіптік, әкімшілік) тартты, мемлекетке кадастрлық құны 324,5 млн. теңге 10 мыңнан астам га жер учаскесі қайтарылды.

Алқа қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы және уәкілетті мемлекеттік органдарға жер саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету бағытында нақты тапсырмалар берілді.

Сонымен қатар, қолданыстағы жер заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік мақсатындағы жерлер тек сауда-саттық арқылы ұсынылады (Жер кодексінің 48-бабы), ал жеке тұрғын үй құрылысы үшін арналған тегін учаскелер кезектілік тәртібімен беріледі (Жер кодексінің 44-1-бабы).

 Осыған байланысты жоғарыда көрсетілген учаскелерді заңнамамен белгіленген талаптарды сақтамай ұсыну заңсыз екендігін прокуратура қызметі ескертті.

"Бұзушылықпен берілген жерлер мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс",-делінген ведомстваның таратқан ресми ақпаратында.

Соңғы жаңалықтар