Алматы облысында полицияда қызмет еткен майдангерлер құрметтелді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Алматы облысында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, кейінгі жылдары ішкі істер органдарында қызмет еткен Сембек Қожахметов пен Тәңірберген Толғанбаевқа құрмет көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сембек Қожахметов биыл 95 жасқа толды. Сембек ата 1925 жылғы 25 қазанда дүниеге келген. 1942 жылы мектеп қабырғасында жүрген 17 жасар бозбала Кеңес армиясы қатарына алынған. Ұрыс кезінде бірнеше рет жарақаттанды. Шайқаста батырлық пен ерлік көрсеткені үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Берлинді алғаны үшін», «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» және басқа медальдармен марапатталды. 1951 жылы әскерден еліне оралған. 1951 жылдан 1976 жылға дейін ішкі істер органдарында түрлі қызмет атқарды. Ішкі істер органдары қатарындағы қызметі үшін «Ел игілігіне еселі еңбегі», «1,2,3 дәрежелі ІІО-да мүлтіксіз қызметі үшін», «Қоғамдық» тәртіпті қорғаудағы үздік қызметі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен қатар, көптеген құрмет грамоталарымен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ал Тәңірберген Толғанбаев 1923 жылы 7 мамырда туған. 1934 жылы Ақсу қазақ орта мектебін бітіріп, 1942 жылы 19 жасында Кеңес әскерінің қатарына алынды. Т. Толғанбаев Днепр үшін болған шайқаста өз атын өшпес даңққа бөледі. «Германияны Ұлы Отан соғысында жеңгені үшін», «Ерлігі үшін», «Кеңес милициясына 50 жыл» медальдарымен және көптеген құрмет грамоталарымен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Соғыстан елге аман-есен оралғаннан кейін Талдықорған облысы, Ақсу ауданының ішкі істер органдарында 1951 жылдан 1975 жылға дейін әртүрлі қызметтер атқарды.

«Алматы облысында ішкі істер органдарында қызмет еткен екі соғыс ардагері, соғыс ардагерлеріне теңестірілген 5 тұлға, соғыс ардагерлерінің 6 жұбайы және тылда еңбек еткен 12 ардагер бар. Отан алдындағы өлшеусіз еңбегі үшін аталған ардагердерге Отан соғысындағы жеңістің 75 жылдығына орай құрмет көрсетіліп, облыстық Полиция департаменті тарапынан сыйлықтар табыс етілді»,- деді Алматы облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Серік Жүнісбеков.


Соңғы жаңалықтар