Алматы облысында полицей өзіне қол жұмсамақ болған азаматты құтқарып қалды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында 3 қаржы терминалын бұзып, 64 мың теңгені қолды қылған азамат асылып өлмек болған. Оны полиция қызметкері құтқарып қалды. Оқиға Алакөл ауданының Үшарал қаласында тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарашаның 23-не қараған түні белгісіз біреу аудан орталығындағы үш терминалды бұзып, ішіндегі 64 мың теңгені иеленген. Осы факті бойынша жергілікті полиция қызметкерлері қылмыстық іс қозғап, күдіктіні анықтауға кіріседі.

Іздестіру барысында күдікті 25 жастағы Еңбекші ауылының тұрғыны екені белгілі болды. Ақпаратты анықтау барысында аудандық қылмыстық іздеу бөлімінің лейтенанты Дастан Әлімжанов келеңсіз оқиғаның куәсі болды. Қонақ үйдің бөлмесінде есікті ішінен бекітіп алған ер азамат белдігіне асылып өмірімен қош айтыспақ болған. Күдіктінің тұншығып қорылдай бастағанын естіген полицей қосымша кілтпен есікті ашып, күдіктіні белдігінен шешіп, ауруханаға жеткізген. Қазіргі таңда ол жансақтау бөлімінен палатаға көшірілді.

Алматы облыстық полиция департаментінде терминал тонау фактісі бойынша тергеу жалғасып жатқандығын және ұрланған қаржының басым бөлігі мен терминалды ашу құралы айғақ зат ретінде іске тіркелгенін мәлімдеді. Терминал иелеріне 700 мың теңгеден астам залал келтірілген. Атап өтерлігі күдіктінің ата-анасы полиция бөлімінің қызметкерлеріне баласын өлім аузынан алып қалғаны үшін алғыстарын білдірді.

Соңғы жаңалықтар