Алматы облысында педофил өмір бойына сотталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында педофил өмір бойына сотталды. Қорғаушының апелляциялық арызы қанағаттандырусыз қалдырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жас баланы ұрлаумен ұштасқан зорлау және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылықты жүзеге асырғаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Н.-ның қорғаушысы сот үкіміне шағым келтірген. Апелляциялық арызды Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қарады.

Еске сала кетсек, сотталушы Н. 2020 жылдың 7 наурызында алкогольді масаң күйде, өзінің сексуалдық сипаттағы нәпсіқұмарлық ойын жүзеге асыру мақсатымен көршісі, жас бала С.-ты қарсыласқанына қарамастан ұрлап кеткен. Оны жеке тұрғын үйдің жертөлесіне апарып, жұдырықпен соққыға жыққан. Кейін жас баланың есінен танып, дәрменсіз күйде болғанын пайдаланып, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық пен зорлау қылмысын жасаған.

Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2021 жылдың 12 қаңтардағы үкімімен - аталған қылмыстардың аса ауыр қылмыстар санатына жататыны, қылмыстың сипаты мен сотталушының жеке басы, оның ішінде қылмыс жасағанға дейінгі және қылмыс жасағаннан кейінгі мінез-құлқы, жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлардың бар екені ескеріліп, Н. өмір бойына бас бостандығынан айырылған.

Аталған сот үкімімен сотталған Н.-ның қорғаушысы келіспей, «іс бойынша жүргізілген сот сараптамаларының қорытындыларына бірінші сатыдағы сот дұрыс баға бермеді» деген уәжбен сот үкімін бұзып, тағылған айыптар бойынша ақтауды сұраған.

Апелляциялық сот алқасы қылмыстық іс материалдарын, оның ішінде жүргізілген сараптама қорытындыларына мамандандырылған ауданаралық соты лайықты, дұрыс баға бергенін мұқият тексере келе, «апелляциялық шағым қанағаттандырусыз, сот үкімі өзгеріссіз қалдыруға жатады» деген шешімге келді.


Соңғы жаңалықтар