Алматы облысында пәтер тонаумен айналысқан 128 топ құрықталған

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында былтыр пәтер тонаумен айналысқан 128 топ құрықталған. Жалпы өңірдегі барлық тіркелген қылмыстардың ішінде негізгі үлес бөтеннің мүлкін ұрлауға қатысты болып отыр. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінде өткен жиынның барысында мәлім болды.

Айта кетерлігі, Ішкі істер министрлігінде бөтеннің мүлкін ұрлаудың алдын алуға және ұрлықтың ашылу деңгейін жақсартуға бағытталған ведомстволық бағдарлама бар. 2018-2020 жылдарға арналған осы бағдарламаны жүзеге асыру аясында Алматы облысында бірқатар нақты іс-шаралар қабылданған. Мәселен, «Мал ұрлығы», «Пәтер», «Сотка», «Угон» секілді 12 нысаналы жедел алдын алу шаралары жүзеге асты.

«2018 жылы 6,5 мың ұрлық ашылды, 463 қылмыскер ұрылар тобы құрықталды. Олардың ішінде 128-і пәтер тонаумен айналысқандар болса, 71 топ мал ұрлығын кәсіп еткен. Мұндай қылмыстың салдарынан жапа шеккендерге 80 миллион теңгеге жуық материалдық шығын өтелді, бірақ бұл келтірілген шығынның тек 52,39 пайызы ғана», - дейді Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы генерал-майор Мұрат Ұрұмханов.

Оның сөзіне қарағанда, облыс аумағында ұрланған 1145 мал басы иелеріне қайтарылған, бұл жалпы қолды болған малдың 62,1 пайызы. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері тиісті құжаты жоқ малды әкетіп бара жатқан 40 фактіні тіркеген. Бұл ретте заң бұзушыларға салынған айыппұл 3 млн теңгені құраған.

Соңғы жаңалықтар