Алматы облысында парашют спортынан чемпионат басталды
2022 жылғы 2 шілде 06:31

Алматы облысында парашют спортынан чемпионат басталды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Арнайы операциялар күштерінің парашюттік даярлық орталығында жеке-командалық біріншілікке классикалық парашют спорты мен топтық парашют акробатикасынан Қазақстан Республикасы мен Қарулы күштердің 29-ашық чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, аталған сайысқа Арнайы операциялар күштерінің, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің, Әскери-әуе күштерінің, Ұлттық ұланның, «Отан» ҚБ республикалық аэроклубының, Қарағанды қаласының авиациялық құтқару-іздестіру орталығының, Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорттық-техникалық мектебінің командалары қатысуда. Барлығы 17 команда, олардың ішінде халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, спорт шеберлері мен шебер атағына үміткерлер, разрядты спортшылар да бар.


«Қарулы күштердің басшылығы әскерлердің жауынгерлік даярлығының тірегі саналатын әскери-қолданбалы спорт түрлерін дамытуға мүдделі. Солардың бірі – парашют спорты. Чемпионат барысында тиісті қауіпсіздік шаралары сақталып, жоғары деңгейде өтеді деп сенемін. Сайыс әділ өтіп, нағыз мықтылар жеңіске жетсін», - деді ҚРҚК Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы полковник Болат Жорабаев.


Алғашқы болып парашютпен секірген Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы Болат Жорабаев жарысты ашып берді.

Сайыста мықтылығын сынаушылар қону дәлдігін белгілеп, 900-1200 метр биіктіктен жеке және топтық секірулерді және 2200-2500 метр биіктіктен жеке және топтық акробатикалық секірулер орындайды.


Чемпионаттың қорытындысына сәйкес парашют спортынан Қазақстан мен Қарулы күштердің құрама командалары жасақталады.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT