Алматы облысында он есекті ұрлап сатқан күдікті ұсталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысында есек сатумен айналысқан күдікті ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған дерек Ұйғыр ауданында тіркелді. Маусым айының ортасында бір түнде Үлкен Диқан ауылынан белгісіз біреу жайылымда жүрген 10 есекті үптеп кеткен. Тұрғындардың дер кезінде полицияға жүгінгенінің нәтижесінде қылмысқа қатысы бар тұлға анықталды.

«Жедел іздестіру шаралары негізінде Ұйғыр ауданының полицейлері аталған қылмысты жасады деген күдікпен Шонжы ауылының 30 жастағы тұрғынын ұстады. Тергеу барысында ұрланған есектердің арзан бағаға Талғар ауданында сатылғаны белгілі болды. Ұрланған малды сатып алушы да анықталды және қолды болған жануарлар өз иесіне қайтарылды», - деп мәлімдеді облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Аталған қылмыстық іс Ұйғыр ауданы полициясының өндірісінде. Қазіргі уақытта ұсталған күдіктінің өзге де қылмыстарға қатысы бары анықталып жатыр.

Облыстық полицейлер ұрланған мүлікті сатып алумен айналысты деген күдікке ілінген Талғар ауданының тұрғынын да жауапкершілікке тарту мәселесін көтеретінін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар