Алматы облысында Мұстафа Өзтүріктің ескерткіші ашылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы облысы Бесағаш ауылында Қазақстандағы таэквондо спортының негізін қалаған белгілі спорт шебері, 7-ші дәрежелі қара белбеу иегері Мұстафа Өзтүріктің ескерткіші ашылды. Бұл туралы аталған шараны ұйымдастыру комитетінің мүшесі Сұлтан Шоқпытов айтты.

Ашылу салтанатына Талғар ауданы әкімдігінің басшылары, белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбай, жазушы Роллан Сейсембаев, ҚР Таеквондо федерациясының өкілдері, Мұстафа Өзтүрік атындағы спорт мектептерінің тәлімгерлері қатысты.

Айтулы шараға Германиядан арнайы спортшының жары Нұрила мен екі қызы, Түркиядан бауыры Мансұр Тәйджі келді.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан 10 жыл бұрын Талғар ауданы әкімдігінің ұсынысымен Бесағаш ауылында Мұстафа Өзтүрікке арналған ескерткіш ашылған болатын. Алайда, мүсін көпшіліктің көңілінен шықпауына байланысты 10 жылдан кейін қайтадан жаңғыртылды.

«Жаңа мүсінмен мүсіншілер көп жұмыс жасады. Ол спортшының жары мен інісіне қатты ұнады. Олар ризашылығын білдірді. Бесағаш ауылындағы ескерткіш алаңын одан ары безендіруге қатысты үлкен жоспарымыз бар. Ол жерде адамдар демалатын шағын аллея бой көтеруі мүмкін», - деді Сұлтан Шоқпытов. 2014 жылы қарашаның 23-інде даңқты спортшының туғанына 60 жыл толады.

Мұстафа Өзтүрік 1954 жылы 23-қарашада Түркияда қазақ отбасында дүниеге келген. 1975 жылы Тайбэ қаласындағы Халықаралық саясат университетіне оқуға түсіп, халықаралық журналист мамандығын таңдаған. ҚР Таеквондо федерациясы (WTF) 1991 жылы құрылған болатын. Оның тұңғыш президенті болған Бексейіт Түлкиев федерацияны дамытып, әлемге таныту үшін әйгілі спорт саңлағы Мұстафа Өзтүрікті шақырады. Түркияда дүниеге келіп, осы спорт түрінен Әлем чемпионаттарында 6 дүркін жеңімпаз атанып, жетінші дан қара белбеуге қол жеткізген Мұстафа 1992 жылы Қазақстан азаматтығына қол жеткізіп, 1993 жылы Қазақстандық федерацияның Бүкіләлемдік таеквондо федерациясының құрамына енуіне өз үлесін қосады.

1991-1992 жылдары Мұстафа Түркия мен Германиядан келген спортшылармен Қазақстанның барлық облыстарын аралап, таэквондодан шоу-бағдарлама ұйымдастырды. 1992 жылы Қазақстанның таэквондо құрамасын жасақтап дайындады. Одан сабақ алған спортшылар Түркия, Италия, АҚШ-та өткен халықаралық турнирлерге, 1993 жылы Таэквондодан өткен әлем чемпионатына қатысты.

Бүгінде Алматыда 22 таэквондо клубы жұмыс істейді. 80 бапкер 2300-ден астам бала мен спортшыға шығыс жекпе-жегінің қыр-сырын үйретіп жатыр.

Сексен бапкердің 37-сі Алматы қаласының Спорт және дене шынықтыру басқармасының спорт мектептерінде жұмыс істейді. Бұл Алматы қаласы бойынша олимпиадалық спорт түрлерінен жаттықтыратын бапкерлердің 10 пайызы деген сөз.

Соңғы жаңалықтар