Алматы облысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде су қоймасы салынады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат -  Алматы облысының Сарқан ауданында көлемі 80 млн текше метр болатын су қоймасы салынады. Бұл туралы аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков қоғамдық кеңес алдындағы есебінде баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жасанды көл екі ауданның 17 мың гектар алқабын суаруға мүмкіндік береді. «Биыл ауданға жалпы 5 млрд 300 млн теңгенің инвестициясын  тарту болжануда. Инвестиция жоспарын орындау үшін қазіргі кезде Покатиловка су қоймасы құрылысының қаржылық экономикалық қорытындысы жасалуда, талдау ақпан айында аяталғаннан кейін, жобалық құжаттары әзірленеді. Су қоймасы іске қосылған жағдайда 17000 га суармалы жерге су жеткізіледі, оның 3554 гектары Сарқан ауданына, 13446 гектары Ақсу ауданына тиесілі. Осы жерге «Энерго Мост» серіктестігі ГЭС салуды жоспарлап отыр»,- деді Сарқан ауданының әкімі Е. Қошанбеков.

Сондай-ақ, қоғамдық кеңес алдында әкім күрмеулі мәселелердің де шешімін табу жолдарын қарастырып жатқанын мәлімдеді. 36 ауылдың 12 елді мекені сапалы ауыз суға зәру. Бұл мәселелер кезең-кезеңімен шешіледі деп сенім білдірді. Ал қоғамдық кеңес мүшелері әкім уәделерінің орындалуын қадағалайтын болады. 

Айта кету керек, қазіргі таңда Алматы облысында 20 үлкенді-кішілі су электр станциясы жұмыс істеп тұр. Олардың төртеуі Сарқан ауданында орналасқан.

Соңғы жаңалықтар