Алматы облысында мемлекеттік сатып алуда 600-ге жуық заң бұзу фактісі тіркелген

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпара - Алматы облысында 2019 жылы мемлекеттік сатып алуға қатысты 599 заң бұзу фактісі тіркелген. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасында «Облыс және мемлекеттік деңгейдегі маңызды мәселе – көлеңкелі экономика» тақырыбындағы дөңгелек үстелде белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиын барысында Алматы облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Адай Нигматуллин деректі фильм көрсете отырып, ұйымдасқан қылмыстық топтың 1 млрд теңгеден астам соманы қолма қол қаржыға айналдырғанын және мұндай жағдайлардың экономикаға қаншалықты зиян келтіретінін түсіндіріп өтті.

Оның айтуынша, өңір аумағында екінші деңгейлі банктердің 14 филиалы тіркелген. «Біз облыс бойынша мониторинг жүргізіп, бірқатар заңбұзушылықтарды анықтадық. 2019 жылғы талдау нәтижелері бойынша қаржы қаражатын қолма-қол ақшаға айналдыруда көшбасшы болып табылатын «батыр» банктер анықталды. Бүгінгі күні қазақстандық банктердің көпшілігі «өз клиентіңді біл» атты Базель комитетінің және FАТF тобының ұсыныстарын ұстанбайды. Осы ұсынымдарға сәйкес әрбір банк өз клиенттеріне қатысты тәуекелдерді басқару жүйесін пайдалануы тиіс және егер олар қылмыстық немесе Заңға қайшы әрекетпен айналысса, онда олардың шоттарын бұғаттауы тиіс», - дейді аға жедел уәкіл.

Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің ЕБМ басшысы М. Әбденовтің айтуынша, ең криминогендік сала - мемлекеттік сатып алу. Мемлекеттік кірістер органдары жүргізген сараптамаға қарағанда, орындалған жұмыстар мен қызметтер үшін есеп айырысу кезінде олар қолма-қол қаржылай процестерді пайдаланатыны анықталды. Камералдық бақылау бағыты бойынша мемлекеттік сатып алуға қатысушыларға байланысты 2019 жылы 559 заң бұзу дерегі тіркелді. Жедел әрекет ету нәтижесінде заңбұзушылардан 2 178,8 млн теңге өндірілген.

Отырыс соңында қатысушылар пікір алмаса отырып, барлық уәкілетті органдар қылмыстық жолмен табылған кірістерді қолма-қол ақшаға айналдыратын және заңдастыруға талпынған жағдайлар бойынша әрқашан ақпарат алмасып, қылмыстардың алдын алуға, анықтауға және мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда бірлесе отырып шешуі керек деген қорытындыға келді.


Соңғы жаңалықтар