Алматы облысында маралдарды атқан күдікті 5 жылға дейін сотталуы мүмкін

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында 4 маралды атқан күдікті бес жылға дейін сотталуы мүмкін. Қазір «Toyota Hilux Surf» көлігін тізгіндеген жүргізуші ұсталып, оның көлігінің тіркемесінен 4 маралдың өлі денесі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Екпінді ауылының маңында болған. Арнайы рейд кезінде ұсталған азамат бастапқыда қашып құтылуға әрекеттеніп, артынша көлігімен аударылған. Анықталғандай, ол мас күйінде болған.

Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы 4-бөлігімен яғни, заңсыз аң аулау бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

Ал Алматы облыстық Полиция департаментінің ақпаратына сәйкес, маралдарды заңсыз атқан күдікті мемлекетке 7 млн теңгеден астам шығын келтірген. Енді ол 12 млн теңгеге жуық айыппұл төлейді немесе бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

«Аталған әрекеті үшін кінәлі тұлғаларға 5 мың АЕК мөлшерінде айыппұл салынуы ықтимал. Немесе 5 жылға құқығын шектеу немесе тура сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін. Тергеу барысында заңсыз аң аулаған өзге де тұлғаларды анықтау шаралары қабылданады», - деді Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Серік Үпиев.


Соңғы жаңалықтар