Алматы облысында мал ұрлап сатуды кәсіп еткен ұйымдасқан топ қолға түсті

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының полицейлері мал ұрлығын кәсіп қылған ұрылар тобы мен ұрланған малды саудалаушыларды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қылмыстық топтың құрамында кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім де бар. 4 ауылдас жымысқы әрекеттерін жүзеге асыру мақсатында бас қосып, ұзақ уақыт бойы Еңбекшіқазақ ауданының аумағында мал ұрлығымен айналысқан.

Жергілікті тұрғындардың малын үптеп кетіп отырған 19-20 жастағы ұрыларды ұстаған тәртіп сақшылары қолды болған малды сатып алушыларды да анықтады. Тексеру барысында сатып алушылардың қорасынан ұрланған малдың жартысы табылды.

«Қылмыстық жолмен табылған малды сатып алушылардың қорасынан табылған малдар заңды иелеріне қайтарылды. Шелек полиция бөлімінің қызметкерлері өзге де жоғалған малды іздестіру жұмыстарын жүргізуде. Төрт күдіктінің екеуі уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Сонымен қатар, көрінеу қылмыстық жолмен табылған малды сатып алушылар да ҚР Қылмыстық кодексінің 196-бабының талаптарына сәйкес жауапқа тартылатын болады»,- деп мәлімдеді Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

2018 жылғы мамырдан биылғы қаңтарға дейінгі кезеңде Еңбекшіқазақ ауданындағы 86 бас мал қолды болған 8 ұрлық дерегіне осы қылмыстық топ мүшелерінің қатысы бар екені дәлелденді. Ұрлық бойынша зардап шеккен, негізінен, Сөгеті ауылының тұрғындарының материалдық шығындары бірнеше миллионды құрап отыр.

«Күдіктілердің бірі өз сөзінде ұрланған малды сатып, оның қаржысын оқуының төлемақысына бергенін айтты. Екіншісі БМВ маркалы автокөлігін сатып алғанын мойындады. Аталған көлік тәркіленіп, іс материалдарына айғақзат ретінде тіркелді. Тәртіп сақшылары ұсталған күдіктілердің өңірдегі өзге де қылмыстарға қатысы барын анықтау бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр»,- деп толықтырды баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар