USD 435.1 EUR 493.27
RUB 5.69 CNY 68.63
Jańalyqtar

Алматы облысында мәдениет үйі пайдалануға берілді

2021 жылғы 2 желтоқсан 04:39
Бөлісіңіз:
Алматы облысында мәдениет үйі пайдалануға берілді

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Тұңғыш Президент күнінде Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Үңгіртас ауылында мәдениет үйі пайдалануға берілді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанатты шараға Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас және аудан жұртшылығы қатысты.

«Баршаңызды Тұңғыш Президент күнімен және Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтаймын. Осы мереке күні біз Үңгіртас ауылында

реканструкциялық жөндеуден өткен мәдениет үйін іске қостық. Мұнда ауылдың түрлі мәдени шаралары өтеді. Нысан жастардың мәдени тәрбиесіне маңызды үлес қосады деп ойлаймын», - деді аудан басшысы.

Ауыл тұрғындарын қуанышты сәтімен Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Әскербек Абаев пен «Ардагерлер» ұйымының төрағасы Батырхан Мендебаев та құттықтады.

Үңгіртас ауылының Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асанқұл Төлеқұлов ақ батасын берді.

Қайта жөндеуден өткен мәдениет үйінде орналасқан кітапханаға естелік сыйлық ретінде Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы кітаптар, Елбасының өмір жолы туралы жинақтар табыс етілді.

Шараның соңы «Сүйінбай сазы» халықтық фольклорлық-этнографиялық ансамблінің мерекелік концертімен жалғасты.

Үңгіртас мәдениет үйінің ғимараты 1957 жылы салынған. 2019 жылдан бастап қайта жөндеу жұмыстары басталды. Құрылыс жұмыстарын «Өмірзақ»ЖШС жүргізді. Ғимараттың жалпы ауданы 698,5 шаршы метрді құрайды, 200 орындық көрермен залы бар.

«Мәдениет үйне жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 251 574 000 теңге жұмсалды. Жаңартылған нысан барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, оның табысты жұмыс істеуіне толық жағдай жасалған»,- делінген Жамбыл ауданы әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Самал Қабышева

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER

MURAǴAT